Қазақстан еңбек көші-қоны үшін ашық болуы тиіс - Ш.Есімова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан еңбек көші-қоны үшін ашық болуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Шолпан Есімова мәлім етті.

«Меніңше, бүгінде бүкіл әлем интеграция жолымен ілгерілеу үстінде. Олар үшін қазіргі уақытта жұмыс күшінің көші-қоны қалыпты жағдайға айналған. Сондықтан, бүгінде Қазақстан көші-қон үшін ашық деп ойлаймын және ашық болуы тиіс»,- деді ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда елдердің, оның ішінде Орталық Азияның да оқшаулануымен бетпе-бет келіп отырмыз.

«Біз жабық жүйенің барлық процестердің тоқырауға әкелетіндігін көріп отырмыз. Бұған қоса, бұл жайт жүйенің дамымауына да әкелетін сияқты», - деді Ш.Есімова.

Осы орайда вице-ректор Қазақстанда еуропалық сарапшыларды бірлесе жұмыс істеуге тарту бағытында зор тәжірибе бар екендігін атап өтті. «Олар біздің жүйеміз үшін көптеген іс тындырды», - деп түйіндеді ойын ол.