Атап айтқанда, агенттік мәліметтеріне сәйкес, 2010 жылы республика экономикасында 8,1 млн. адам жұмыспен қамтылса, бұл көрсеткіш бойынша 1991 жылға қарағанда, олардың саны 398,0 мың адамға немесе 5,2 пайызға жоғары. Ал жалдамалы қызметкерлердің саны өткен жылы 5,4 млн. адамды құрады. Бұл саладағы жұмысшылар 1991 жылы 7,4 млн. адам болатын. Сонымен қатар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың саны 2010 жылы 2,7 млн. адамға, ал 1991 жылы 0,3 млн. адамға жеткен еді.
Бұдан бөлек, 2010 жылы жұмыссыз халықтың саны 496,5 мың адамды құрады, бұл 1994 жылға қарағанда 39,9 мың адамға немесе 7,4 пайызға аз. Былтыр жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызды құраса, 1994 жылы бұл көрсеткіш 7,5 пайыз еді. Сонымен бірге, соңғы 20 жылды салыстырып қарағанда 1999 жылы елде ең жоғарғы жұмыссыздық деңгейі белгіленген. Бұл - 13,5 пайызды немесе 950,0 мың адамды құрапты.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2010 жылдың соңына 35,4 мың адам ресми тіркелген. Осы тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 1994 жылы - 1,1 пайыз болатын.