Қазақстан энергетикасының «атасы» Шапық Шөкиннің 100 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - 29 мамыр күні Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Қазақстан энергетикасының «атасы» Шапық Шөкиннің 100 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді.

Айтулы кешті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырады. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Секен Тұрысбеков, Алтынай Жорабаева, Азамат Жылтыркөзов, Эльмира Жаңабергенова, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, Ұлттық дәстүрлер театрының фольклорлық ансамблі және «Үкілім» би ансамблі мен әншілері Жанар Шоқпанова, Бибігүл Сауытова өнер көрсетеді.

Шапық Шоқыұлы Шөкин (1912-2003) - көрнекті қазақ энергетигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО-ның құрметті энергетигі, Халық Қаһарманы.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ш.Шөкинге ғалым-академиктердің арасындағы алғашқысы болып Қазақстанның ғылымы мен энергетикасын дамытуға сіңірген аса зор еңбегі үшін - «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - «Алтын жұлдыз» тапсырылған.

Ол 1944-1950 жылдары Іле өзенінің суы мен энергетика қорын кешенді түрде пайдалану мәселесін зерттеп, Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр стансасын салу ісіне үлкен үлес қосты. 1949-1958 жылдары Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесін Ертіс өзенін бұру негізінде шешуге болатындығын дәлелдеді. Мұның өзі Ертіс - Қарағанды каналының салынуына себеп болды.