Басқосуда энергетиктер саланың болашақ дамуының өзекті мәселелерін талқылап, бұл бағытта заңнамалық және нормативтік қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, тариф саясаты мен бағаны қалыптастыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру, электр торабы нысандарының құрылысы мен қуат өндіруші орындарын іске қосу, энергия тиімділігі мен энергетика кәсіпорындарының жауапкершілігін арттыру жайында сөз болды. Кеңес барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер 2010-2014 жылдарға арналған салалық даму бағдарламасын және 2020 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде пайдаланылатын болады.
Жұмыс қорытындысы бойынша қабылданған қарарда да ең алдымен алдағы бесжылдық бағдарламаны мақұлдау ұсынылады. Бұдан бөлек, электр энергетикасы саласын тиімді басқару мәселелерін қарастыру, бағдарламаларға сәйкес тарифтік саясатпен қатар заңнамалық қамтамасыз ету шараларын қарастыру шаралары да көзделіп отыр.
«Инвестициялық қамтымдылықты есепке ала отырып, өңірлік электржелілік компаниялар үшін тарифтік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленуі тиіс. Білікті мамандарды сақтап қалу мақсатында тиісті өзгерістерді нормативтік-құқықтық актілерге енгізу қажет», делінген қарарда.