Қазақстан энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыруда
«Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту тағы бір маңызды бағыт саналады. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында мұнайдың 30 млрд тоннадан және газдың 20 трлн текше метрден астам барланған қоры бар. Бұл өңірді мұнай-газ ресурстарының көлемі бойынша Араб түбегінен кейінгі әлемдегі екінші аймаққа айналдырады», - деді Президент саммит барысында.
Мемлекет басшысы Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы ретінде Ұйымның барлық елдерімен ынтымақтастықты жоғары бағалайтындығын және жан-жақты өзара іс-әрекетті тереңдетуге дайын екендігін баса айтты.
«Біздің еліміз энергия ресурстарын тасымалдау бағдарларын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған қоса, Қазақстан жаңа өндіруші қуаттарды жаңғыртуға және дамытуға, геологиялық барлау және өндіру саласына озық тәжірибе мен технологияларды тартуға, сондай-ақ қазіргі заманғы мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.