«Қазір Еуропа қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр, атап айтқанда Украинадағы оқиғалар мен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты. Жалпы дүние жүзінде экономикалық жағдай күрделі болып тұр. Энергия көздерінің бағасы өсіп, жаңа экономикалық байланыстар мен үлгілер қалыптасып жатыр. Еуропалық Одақ Ресеймен экономикалық қарым-қатынасын үзуге мәжбүр болды. Бізге өз саудамызды әртараптандыруға тура келеді. Екінші жағынан, біз Қытай сияқты басқа мемлекеттерге қатты тәуелді болғымыз келмейді. Осының аясында біз Орталық Азия мемлекеттерінде, ең алдымен Қазақстанда өзіміз үшін маңызды сауда серіктестерін таба аламыз деп ойлаймын. Әлемде геосаяси жағдайдың өзгеріп жатқанын тағы да атап өткім келеді. Бұл ретте Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын білеміз. Біз ЕО-да Қазақстанмен байланысымызды кеңейтуге ниеттіміз. Ең алдымен, сауда, экономика, энергия импорты саласында», - деді Еуропарламент депутаты Франсиско Хосе Миллан Мон.
Литвалық Еуропарламент депутаты Раса Юкнявичене Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуропаға жатпағанымен, ЕО-ға жақын ел деп есептейді.
«Кеңес Одағы жаулап алған Литвада дүниеге келген адам ретінде мен Қазақстан халқы кейбір еуропалық мемлекеттерге қарағанда кейде бізге, еуропалықтарға әлдеқайда жақын деп есептеймін. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған адамдарға оң көзқараспен қарайтындары үшін қазақ халқына деген құрметім жоғары. Сол себепті Қазақстанмен көбірек бірге жұмыс істеу керектігін түсінемін», - деп атап өтті Еуропарламент депутаты.