Қазақстан ерлер құрамасы өрт сөндіру-құтқару спортынан әлемдік рекорд орнатты

АСТАНА.KAZINFORM — Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттарының қорытынды жарыс күні өтті.

Фото: ТЖМ

Чемпионаттардың қорытынды кезеңі ұлттық құрамалар үшін соңғы сынақ болған «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасы бойынша өткізілді. Жарыстың барлық күндерінде спортшылар жоғары кәсіби және физикалық дайындықтарын, командалық үйлесімділігін және үздік нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылысын көрсетті.

Фото: ТЖМ

Жарыстың соңғы күні әлемнің ең мықты құрамалары арасында тартысты бәсеке өрбіді. Әр команда жоғары дайындық деңгейін, шеберлігі мен жеңіске деген жігерін танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ерлер құрамасы 24,52 секунд нәтижесін көрсетіп, чемпионаттың алтын медальдарын жеңіп алды және жаңа әлемдік рекорд орнатты.

Екінші орынды 25,08 секунд нәтижесімен Моңғолия құрамасы, үшінші орынды 25,45 секунд нәтижесімен Өзбекстан құрамасы иеленді.

Қазақстан ерлер құрамасының құрамы:

1. Шамшоллаев Ансар
2. Ануарбеков Назарбек
3. Қонысбаев Абай
4. Абильбаев Дінмұхамед
5. Подгородецкий Петр
6. Савон Дмитрий
7. Избасаров Ильдар

Әйелдер командалары арасындағы жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

1-орын — Ресей (23,79 секунд, әлемдік рекорд);
2-орын — Беларусь (23,92 секунд);
3-орын — Қазақстан (25,41 секунд).

Қазақстан әйелдер құрамасының құрамы:

1. Серикханова Алла
2. Байтикова Айдана
3. Реджеметова Ситора
4. Дзолба Оксана
5. Аленина Регина
6. Подгородецкая Кристина
7. Салмина Валентина

Әлем чемпионаттарының жалпыкомандалық есебі

Төрт күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша төрт спорттық дисциплинада өнер көрсеткен ұлттық құрамалардың жалпыкомандалық нәтижелері анықталды.

Чемпионат барысында спортшылар әр секунд үшін күресіп, жоғары шеберліктерін, төзімділіктері мен командалық рухтарын көрсетті.

Ерлер арасындағы жалпыкомандалық есеп:

1-орын — Ресей Федерациясы;
2-орын — Беларусь Республикасы;
3-орын — Қазақстан Республикасы.

Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есеп:

1-орын — Ресей Федерациясы;
2-орын — Беларусь Республикасы;
3-орын — Қазақстан Республикасы.

Осылайша, Қазақстанның ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары әлемнің үздік үш командасының қатарына еніп, өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттарының жалпыкомандалық есебінде қола жүлдеге ие болды.

Әлем чемпионаттарының аяқталуы әртүрлі елдердің өрт сөндіру-құтқару спортындағы үздік өкілдерін біріктірген төрт күндік тартысты спорттық бәсекенің жарқын қорытындысы болды.

Қазақстан үшін ерекше жетістік – ерлер құрамасының «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасы бойынша тарихи жеңіске жетіп, жаңа әлемдік рекорд орнатуы.

Қазақстандық спортшылар отандық өрт сөндіру-құтқару спортының жоғары деңгейін және әлемнің ең мықты құрамаларымен бәсекеге түсе алатын әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Алтын медальдар, жаңа әлемдік рекорд және жалпыкомандалық есептегі екі қола жүлде – Қазақстан ұлттық құрамаларының әлемдік аренадағы лайықты жетістігінің айқын көрінісі.