АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ерлер құрамасы Испанияның Ла-Нусия қаласында «Jovenes Promesas» халықаралық турнирінде грек-рим күресінен топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, грек-рим күресінің шеберлері 12 медальмен марапатталып, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды.
Жүлденің жетеуі – алтын, төртеуі – күміс, біреуі – қола.
Атап айтқанда, Ербол Камалиев (55 кг), Азамат Құрман (60 кг), Ержет Жарылқасын (63 кг), Сұлтан Әсетұлы (67 кг), Омар Сатаев (77 кг), Мақсат Сайлау (87 кг) және Асылбек Әбдіқалық (130 кг) алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Асаухат Мұхамадиев (63 кг), Ерсін Абыир (55 кг), Дәулет Жалғасов (77 кг), Ерзат Ерланов (97 кг) екінші, Ерасыл Мамырбеков (55 кг) үшінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуан қыздардың Испаниядағы турнирде 10 медаль жеңіп алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).