Кездесу барысында тараптар спорт пен туризм салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізудің келешегін талқылап, цифрлық трансформация бағытында тәжірибе алмасты.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Ал спорт пен туризмді цифрландыру осы салалардың тиімділігін арттыруға және жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға жол ашады.
Кездесуде спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, спорт ұйымдары мен жарыстар туралы деректерді біріктіретін e-Sport бірыңғай цифрлық платформасын құру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Алдағы уақытта жаттығу үдерісін талдау, қалпына келу, тамақтану және жарақаттың алдын алу бойынша жеке ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ бейнематериалдарды талдау негізінде спортшылардың техникасы мен тактикасын жетілдіруге арналған жасанды интеллект шешімдерін енгізу жоспарланып отыр.
Тараптар туризм саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселесін де кеңінен талқылады.
Қазіргі таңда министрлік туристік нысандар, бағыттар, қонақүйлер, ұлттық парктер және туристік ағындар туралы мәліметтерді топтастыратын бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеу үстінде.
Келесі кезеңде туристерге жеке саяхат бағыттарын ұсынатын, бірнеше тілде ақпарат беретін әрі бүкіл сапар барысында сүйемелдейтін интеллектуалды цифрлық көмекші енгізу көзделген.
Профессор Ли Кай-Фу Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, жасанды интеллект туристік қызметтердің сапасын едәуір арттыра алатынын айтты.
Оның пікірінше, AI технологиялары шетелдік қонақтарға аударма жасап, сапар барысында бағыт-бағдар беретін интеллектуалды цифрлық көмекшілерді жасауға, сондай-ақ туристік ағындарды талдауға, сұранысты болжауға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті талдамалық деректерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
-Кездесу қорытындысында тараптар спорт пен туризм салаларына заманауи жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және өзара тәжірибе алмасуға ниетті екендіктерін білдірді,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түпкі мақсат — жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан озық цифрлық мемлекет құру екенін айтты.