Қазақстан эстон компанияларына қолдау көрсетуге дайын

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда Қазақстан-Эстония бизнес форумы өтеді. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариспен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Экономикалық ынтымақтастық – серіктестігіміздің негізгі бағыттарының бірі. Сауда айналымымыздың аздаған төмендеуіне қарамастан біз үмітпен қарап, сауда-экономикалық көрсеткіштерімізді екі есеге арттыруды және экономикалық қатынасымызды нығайтуды күтеміз. Бүгінде 80-нен астам эстон компаниясы Қазақстанда, әсіресе, логистика, пошта қызметтері және самокат көлігін жалға беру салаларында табысты жұмыс істеп жатыр. Сіздің делегацияңызда бизнес өкілдіктерінің болуы елімізбен әріптестікке деген терең қызығушылықты көрсетеді. Ал біз өз тарапымыздан компанияларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Эстония бизнес-форумы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа серіктестікке жол ашады деп үміттенетінін айтты.

- Ертең және арғы күні бизнес-форум аясында күні ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауды жоспарлап отырмыз. Қазақстан эстон инвесторларына цифрлық инновациялар, көлік, логистика, энергетика, сирек минералдар, ілгері өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға инвестиция салу үшін ашық, болжамды және қолайлы жағдайлар ұсынуға дайын, - деді Президент.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристы қарсы алған еді.