«2017 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдері мен қайта өңдеу өнімдерінің экспорты 1,5 млрд АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артты, соның ішінде қайта өңдеу өнімдері 10 пайызға өсті», - деді Айтуғанов.
Оның сөзіне қарағанда, мұздатылған ірі қара мал етінің экспорты 2 есеге артты. «Бұл Ресейге жеткізілімдердің 83 пайызға ұлғаюына және Біріккен Араб Әмірлігіне бірінші экспортының ашылуына байланысты болып отыр», - деп нақтылады бірінші вице-министр.
Бұдан бөлек, қой етін шетелге шығару көлемі 8 есеге өсіп отыр. Осы орайда ағымдағы жылы жаңа нарықтар Иран, Бахрейн және БАӘ-де ашылуына байланысты тиісті оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Айта кетейік, жүн экспорты 1,8 есеге жоғарылаған. Бұл ретте Қытайға жеткізілімдердің ұлғаюы әсер етті.
Өсімдік шаруашылығынан картоп экспорты 19 есеге өсті, Ресейге томат тұздығы мен қиярдың экспорты 3,5 есеге өсті, Қытай мен Ресейге жаңғақ экспорты 3 есеге көтерілді.
«Ұлыбританияға алғашқы рет арпа экспортталды, Иран мен Моңғолияға сұлыны жеткізу қайта жаңартылды. Ал күріш, қарақұмық, жарма, майлы дақылдар, жемістер, бақша дақылдары, қарбыз, кептірілген бұршақ дақылдары мен көкөністер экспорты ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Қытай елдеріне 2 есе артты», - дейді Қайрат Айтуғанов.