Бүгін Алматы қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара барысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осылай деді.
Қала әкімінің айтуынша, мұндай жетістікке жетуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған, еліміздегі этностардың төл мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін, әдет ғұрпын дамытуға жағдай жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі ерекше.
«Бүгінде еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыстың 120-ы әсем қаламыз Алматыда тіршілік кешуде. Қаламызда 34 этномәдени бірлестік белсенді қызмет етеді. 22 бірлестіктің төрағалары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Аудандық әкімдіктерде қоғамдық келісім кеңестері құрылуда. Көптеген этномәдени бірлестіктер жанындағы жексембілік мектептердің жұмысына, олардың өз тілдерін дамытуға қала бюджетінен қаржылай қолдау қарастырылған. Мұның барлығы қаламызда қолайлы этносаралық ахуалдың орнағандығын көрсетеді» - деді Ахметжан Есімов
Сонымен қатар, қала әкімі Алматыдағы Достық үйінің базасында Ассамблея қызметін жан-жақты қамтамасыз ету үшін арнайы мемлекеттік мекеме құрылатындығын жеткізді.
Ал Республика алаңында өтіп жатқан осынау мерекелік шараға Алматы Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени шығармашылық ұжымдардың концертін ұйымдастырды. Бүкіл алаң этно-қалашыққа айналдырылды. Әрбір этномәдени бірлестікке жеке шатырлар тігілді. Онда сол бірлестіктердің өкілдері келушілерге өз ұлтының тарихы мен мәдениеті, дәстүрлері туралы әңгімелеп, ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.