Қазақстан еттің өзіндік құнын төмендету жолдарын қарастыруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан еттің өзіндік құнын 100-150 теңгеге төмендету жолдарын қарастыруда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Дулат Айтжанов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда 40,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілген. Бұл жоспардың 112 пайызын құрайды. 2011-2013 жылдары аралығында холдинг мал шаруашылығы бағдарламасы аясында шамамен 40 млрд. теңге қаржы құйған. «Бұл қаржының барлығы да республикалық бюджет есебінен берілді», - деді ол.

Басқарма төрағасының атап өтуінше, еттің өзіндік құнының жоғары болуы күрделі проблемалардың біріне айналып отыр. Ал оның басты себебі - жем бағасының қымбат болуына келіп тіреледі.

«Қазіргі уақытта жұмыс жүргізудеміз. Біз жем мөлшерін қайта есептеп, бөлу үшін ресейлік мамандарды тартудамыз. Бұл ет құнын 100-150 теңгеге төмендетіп, ресейлік нарықта бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгіздік», - деді Д.Айтжанов.