Қазақстан ЕурАзЭҚ Дағдарысқа қарсы қорынан қаржылық көмек сұраған емес - Б.Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Дағдарысқа қарсы қорынан қаржылық көмек сұраған емес. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Еске салайық, жиында Сенат депутаттары Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы қабылдаған еді.

Құжатты талқылау барысында депутаттар алты мемлекет қатысатын Дағдарысқа қарсы қордың қаржыландырып жатқан жобалары туралы мәселе көтерген болатын. «Қордың капиталы 8,5 млрд доллар, оның 7,5 долларын Ресей, 1 млрд долларын Қазақстан құрап отыр. Бірақ бүгінгі күні бос қаражат бір миллиард доллар шамасында. Қазақстан бұл қордан ешқандай жобаларды қаржыландырған емес. Дағдарысқа қарсы болғандықтан да, оған қиындық көріп отырған Тәжікстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан ғана өтініш берді», деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Ал сенатор Қуаныш Айтаханов аталған қордан Беларусь еліне лимит 1,7 млрд доллар құрағанына қарамастан 2,5 млрд доллар несие алғанын алға тартты. «Біздің осы қордағы несие портфеліміз 2 млрд 30 млн доллар. Алайда, біз бүгінге дейін бір де бір доллар несие алмадық. Енді дағдарыс кезінде қордағы қаражатты тартуға болмай ма? Әрбір тиын есептеулі тұрған шақта неге біз осы қордан қаражат тартпаймыз?» - деп сұрады депутат Қуаныш Айтаханов.

Өз кезегінде министр Бақыт Сұлтанов Қазақстанда қорға мүше басқа елдердегідей проблема болмағанын алға тартты. «Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты, бюджеттік түсімдер де орнықты. Сондықтан да, Қазақстан ешқандай өтініш жасаған емес. Сонымен қатар, қордың қаржыландыру рәсімі де бар. Мәселен, ондай көмек сұраған елдер тиісті реформаларды жүзеге асыру керек. Ал Қазақстан бірқатар реформалар бойынша қорға мүше елдердің алдында келе жатыр. Сондықтан да, біздің тараптан өтініш жасалмады», деді Б. Сұлтанов.