Қазақстан Еуразия орталығындағы үйлесім лидерлерінің бірі - Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Еуразия орталығындағы үйлесім лидерлерінің бірі. Бүгін Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумында Жаһандық үйлесім одағының президенті Лев Симашко елімізге осындай баға берді.

Оның пайымдауынша, 20 жылдың ішінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үйлесімді қалыптастыру бағытында келелі шаруалар атқарды. Нәтижесінде Қазақстан өзара үйлесімін тапқан жаңа өркениет құру ісіне өзгелерден бұрын және саналы түрде кірісті. «Бұл ретте ол тек үйлесімділіктің тек өз елінде ғана емес, әлемде де көрініс табуына ықпал етті. Осыған байланысты Жаһандық үйлесім одағы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты «Әлемдік үйлесімді қалыптастырушы» деген құрметті де жоғары деңгейдегі атаққа лайықты деп тапты», деді Жаһандық үйлесім одағының басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Президенті Еуразия кеңістігінде 20 жылдан астам үйлесімді қалыптастыруға бағытталған саясат жүргізді. Сондықтан оны бүгін Еуропа мен Азияның үйлестірушісі деуге болады. «Сонымен қатар ол Бүкіләлемдік рухани келісімді үйлестіру жөніндегі басқосулардың бастамашысы болды. 1992 жылдан бастап, бұл ел Рухани келісім мен үйлесім күнін атап өтіп келеді. Қазақстан басшысының әлемдік өркениетті дамыту ісіне қосқан үлесін әлем әлдеқашан-ақ мойындаған. 2001 жылы Қазақстанға келген Рим Папасы Павел II бұл елді «Үйлесім елі» деп атады. Қазақстан Президенті бастап отырған саясат пен үйлесім стратегиясы негізінде Қазақстан ХXI ғасырда үйлесімді өркениеттің лидері атанады деген ойдамын», деді Лев Симашко.