Қазақстан еуразиялық ықпалдастық үдерісін жақтайды және оны қолдауды жалғастырады - Мемлекет басшысы
Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде ресейлік әріптесі Владимир Путинмен екіжақты кездесу барысында мәлімдеді.
«Бүгін біз Еуразиялық экономикалық одақты құрудың маңызды мәселелерін талқылайтын боламыз. Келісімге келесі жылдың жазында қол қоюға тиіспіз, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап біздің одақ түбегейлі жұмыс жасай бастауы қажет. Қазақстан бұл үдерісті барынша жақтайды және одан әрі ілгері жылжытып, қолдайтын болады», - деп мәлім етті Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев сондай-ақ ресейлік тарапқа Сочидегі Олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуде табыс тіледі.
Еске сала кетейік, Н.Назарбаев Мәскеуге Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін келді. Отырыста ықпалдастық құрылымдары - Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті қырлары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға қатысты мәселелер ауқымы талқыланады.