Қазақстан еурокубоктар маусымы рейтингіндегі орнын сақтап қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан еурокубоктар маусымы рейтингіндегі орнын сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Кеше түнде «Астана» өз алаңында Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-туры аясында Чехияның «Яблонец» командасын 2:1 есебімен жеңген болатын.

Бұл жеңіс Қазақстанға УЕФА еурокубоктар маусымы рейтингінде өз орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Қазір еліміз орташа 4,250 коэффициент көрсеткішімен 18-орында тұр.

Жекелей алғанда, қазақстандық клубтардың коэффициенттері мынадай: «Астана» - 10,5, «Қайрат» пен «Тобыл» - үшеуден, «Ертіс» - 0,5 коэффициентке ие. Елордалық ұжым еурокубоктардағы маусымын әлі жалғастырып жатыр.

Еуропа лигасындағы келесі матчты Григорий Бабаян шәкірттері өз алаңында 29 қараша күні өткізеді.