Қазақстан Еуроодаққа екіжақты визалық режимді жеңілдетуді ұсынды

АНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысымен кездесуі барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Визалық режимді жеңілдету жөніндегі келісімге қол қоюға қатысты бастамаға қолдау көрсетуді сұрады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда, министрлік өкілі аталмыш құжатқа қолдау көрсетіп қана қоймай, Еуропалық Одаққа мүше елдердің де Қазақстанмен арадағы визалық режимді жеңілдету қажеттігін айтқан. Осыған қарай басқосуда Қазақстанның аталмыш бастамасының екіжақты қатынастарды дамытуда маңызды рөл атқарып, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететіндігі айтылды.

Еуропалықтар сонымен қатар Қазақстанның Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге кез-келген санаттағы визаларды ресімдеу барысында жасалатын жеңілдіктер мен переференциялар жөніндегі ақпаратын жылы қабылдады. Еуропа тарапы сонымен қатар қазақстандық бастамаға қолдау білдіріп, елімізді екіжақты қарым-қатынас барысында да Еуропалық Одақ құрылымдарының аясында да қолдайтындықтарын білдірді.

Кездесу соңында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы, Мемлекеттік хатшы- Сыртқы істер министрі

Қанат Саудабаевтың Еуропалық Одаққа мүше елдердің сыртқы істер ведомствосы басшыларына деген жолдауы жеткізілді. Тараптар консулдық мәселелер бойынша бірлескен қимылдарды жалғастыра беру жөнінде келісті.