Қазақстан Еуроодақтың «Горизонт-2025» инновациялық бағдарламасына қатысады

None
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуроодақтың «Горизонт-2025» инновациялық бағдарламасына қатысады. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның денсаулық сақтау реформасы - ұлт денсаулығының қорғаны» атты конференцияда Қазақстандағы Еуропалық кеңес өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез мәлім етті.

«2014 жылдың басында біз «Горизонт-2025» бағдарламасын жүзеге асыруды бастамақпыз. Бұл Еуроодақтың инновациялар бойынша ірі бағдарламасы болып табылады. Қазақстан бұның алдында FP-7 деп аталған бағдарламаға қатысып, оның жемісін көрген болатын. Сондықтан «Горизонт-2025» жобасында да аталмыш тәжірибе қолданылады деп сенеміз», - деп атап өтті ол.

А.Бушездің атап өткеніндей, бағдарлама кең ауқымды және барлық салаларды қамтиды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы да бар.

«Әрине бұл инновациялық бағдарлама маңызды рөл атқаратын барлық салаларды қамтитын болады. Жаңа бағдарлама аясындағы Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы әріптестік келесі жылы да жалғасын табады», - деді Елші.