Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропалық Одақ, Қара теңіз өңірі, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы өңіраралық өзара байланысты дамытуға арналған екінші министрлік кездесуіне қатысты. Іс-шараға Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер мен аталған өңірлердің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Еуропалық комиссия басшылығы қатысты.
Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде транзиттік-көлік әлеуетін дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазан айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Министр Қазақстанның көлік, логистика, энергетика және цифрландыру салаларында еуропалық және өңірлік әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады. Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарына (Орта дәліз) ерекше назар аударылды.
Осыған байланысты инвестициялар тарту, көлік инфрақұрылымын дамыту және өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында Еуропалық Одақпен «Global Gateway» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
— Министр Қазақстанның логистикалық рәсімдерді жетілдіру және Еуропа мен Азияны байланыстыратын тиімді әрі орнықты көлік желісін қалыптастыру мақсатында серіктестер мен белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады. Кездесу барысында қатысушылар жаңартылатын энергия көздері саласындағы трансшекаралық жобаларды дамыту мен энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуды қоса алғанда, энергетикалық ынтымақтастықтың перспективаларына жеке назар аударды, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын бельгиялық сарапшы Орта дәліздің дамуы Қазақстан мен ЕО үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.