Басылымның мәліметінше, Дженсен Хуанг Астанада министр Жаслан Мәдиевпен өткен ашық әңгіме барысында елдің жасанды интеллект саласындағы әлеуетіне тоқталды.
— Бұл Еуропа үшін есептеу хабы, жасанды интеллект «зауытының» хабы болады, — деді Nvidia басшысы.
Хуанг сондай-ақ әр мемлекеттің өз жасанды интеллект инфрақұрылымын қалыптастыруы маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, елдер ЖИ қызметтерін ішкі нарыққа ұсына алуы, сонымен бірге технологияларды өз тілі мен мәдени ерекшеліктеріне бейімдеуі қажет.
Сонымен қатар еліміздің технологиялық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары Nvidia-мен ғана шектелмейді. Елге өзге де ірі технологиялық компаниялар қызығушылық танытып отыр.
Атап айтқанда, биыл маусымда Қазақстан Үкіметі АҚШ-тың Firebird AI компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға 10 млрд доллар инвестиция салу жоспарын жариялады. Жоба аясында Nvidia чиптерін қоса алғанда, 100 мың озық графикалық процессорға (GPU) негізделген есептеу кластерін құру көзделген.
Оған қоса, Nvidia да Firebird компаниясына инвестиция салуды жоспарлап отыр. Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, Firebird Армения, Қазақстан және басқа да нарықтарда жалпы қуаты шамамен 2 гигаватт болатын жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуды көздейді.
Бұл жобалар Қазақстанда жоғары өнімді есептеу жүйелерін қалыптастырып, елдің өңірлік технологиялық орталық ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Қазақстанға қызығушылық танытып отырған тағы бір компания — АҚШ-та орналасқан Higgsfield стартапы. Жасанды интеллект көмегімен бейне және сурет жасау платформасын әзірлейтін компанияның Қазақстанда 300-ден астам қызметкері бар инженерлік және шығармашылық тобы жұмыс істейді.
Биыл тамызда Сан-Францискода компания 5,4 млрд доллар бағалау кезінде 400 млн доллар көлемінде B сериялы инвестиция тартқанын жариялады.
Қаржыландыру раундын DST Global басқарды. Оған Tribe Capital, Goldman Sachs Alternatives құрамындағы Growth Equity, Smash Capital, Fifth Wall, Valor Capital, Intel Capital, Liberty Global Tech Ventures, Mirae Asset Capital және NTT DOCOMO Ventures қатысты.
Осылайша, Қазақстанға Nvidia, Firebird және Higgsfield секілді технологиялық компаниялардың қызығушылық танытуы елдің жасанды интеллект саласындағы халықаралық жобаларға қатысу ауқымының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Қазір бұл бағыттағы жоспарлар есептеу инфрақұрылымын дамытуды, инвестиция тартуды және технологиялық мамандардың әлеуетін арттыруды қамтиды.
Бұған дейін, Қазақстан ЖИ индустриясы NVIDIA-мен әріптестіктен не ұтатынын жазғанбыз.