Қазақстан EuroSkills чемпионатында үздік нәтиже көрсетті
EuroSkills — Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыру саласындағы ең ауқымды шара, ол екі жыл сайын ұйымдастырылады.
Биылғы байқау 5-9 қыркүйекте Польшаның Гданьск қаласында өткен.
«Қазір бұл чемпионатқа инвесторлар, жұмыс берушілер көз тігіп отыр. EuroSkills Gdańsk 2023 жарысына әлемнің 32 елінен 600 жас қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасының сапына 28 адам енді. Олар 25 құзырет бойынша қатысып, күміс пен қола медаль және төрт медальон еншілеп, тарихта үздік нәтиже көрсетті», - деді Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Жартыбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Былтыр Қазақстан Халықаралық рейтингте 14-орында болса, осы жарыстардың қорытындысы бойынша еліміз 10-орынға көтерілді.
Сонымен бірге, С. Жартыбаев WorldSkills чемпионатына қатысушылардың болашағы зор екенін атап өтті.
«Чемпионат қатысушының әрқайсысы, жеңіске жетпесе де, осы жарысқа баруының өзі оның жоғары деңгейлі маман екенін білдіреді. Демек, оны кез келген халықаралық компания жұмысқа шақыруы мүмкін. Бұл жастардың болашағы зор», - деді спикер.
Министрлік өкілінің айтуынша, жүлдегерлер ел аралап, студенттермен кездесіп, шеберлік сыныптарын өткізбек.
«10 жыл бойы IT-мен айналысып келемін және Орал ақпараттық технологиялар колледжінің түлегімін. Алдымен студент ретінде облыстық жарыстарға, содан кейін республикалық жарыстарға түсіп, Батыс Қазақстан облысына жүлде әкелдім. Әрі қарай чемпионаттарға дайындық жүріп жатты. 2 жыл дайындалдым, нәтижесінде күміс медаль алдым. «Веб-әзірлеу» сайысында қарапайым сайт құрудан бастап, әлемдік деңгейдегі IT-компанияларды жасайтын жоғары деңгейлі қосымшаларға дейінгі түрлі модульдерді орындаймыз. Сондай-ақ топтық жұмысқа арналған модульдер бар. Менің ойымша, бұл жарыстар өзіңді жақсы қырыңнан көрсетуге және танылуға көмектеседі», - деді EuroSkills чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Юсупов.