Қазақстан EXPO-2017-де қолдану үшін Араб Әмірлігіндегі «болашақ қаласы» - Масдардың тәжірибесін зерттеуде

None
ӘБУ-ДАБИ. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Әбу-Дабиге Қазақстан Республикасының энергетика және энергияны үнемдеудің жаңа технологияларын дамыту саласына жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өкілдерінен құралған қазақстандық делегация келді.

Делегацияның құрамында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, «Самұрық-Энерго» АҚ, КЕГОК, «Қазақэнергосараптама» АҚ және «Энергоинформ» АҚ-ның өкілдері болды.

Дүйсенбі күні қазақстандықтар «болашақ қаласы» - «Масдар-ситидің» (арабша аудармасы - қайнар бұлақ)жобасына барды. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасынан он жеті шақырым жерде орналасқан.

«Болашақ қаласын» салу бастамасын Әбу-Даби үкіметі энергия көздерін әртараптандыру, энергияны үнемдейтін технологияларды дамыту, аталған салада жеке кадрларды оқыту мақсатында жасады. Қазақстандық делегацияның сапары Біріккен Араб Әмірліктерінің, соның ішінде «Масдар-ситидің» тәжірибесі мен технологияларын зерттеу және оларды 2017 жылы Астанада EXPO-2017 көрмесін өткізу кезінде тәжірибеде пайдаланумен байланысты.

«Масдар» жобасы Әбу-Дабидегі «болашақ қаласын» дамытып қана қоймай, энергияны 24 сағаттық режімде өндіре алатын әлемдегі алғашқы күн электр стансысын салды. Салыстыру үшін, Испаниядағы «Джемасолар» жобасы 15 сағатқа дейін күн нұрының әсерінсіз жұмыс істей алады.

Әмірлік «Масдарының» өкілдері қазақстандық тараппен EXPO-2017 аясында аталған технологиялармен бөлісуге, сондай-ақ өз университетіне отандық мамандарды қабылдауға даярлығын білдірді.