«Астық қолхаттарының айналымын құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында «Астық туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңмен негізгі енгізілген жаңалықтарға тоқталсақ, астық қолхаттарын құжатсыз, яғни электронды түрде шығаруға өту және ақпараттық жүйені астық нарығының субъектілерімен жұмыста пайдалану ескерілген. Аталған жүйе астық қолхаттарының, оны ұстаушылардың және астық қолхаттарымен жасалатын операциялардың есебін автоматтандыруға мүмкіндік береді», - деді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің сарапшысы Сағынтай Жұмажанов.
Оның сөзіне қарағанда, бұл қадамдар деректердің айқындығын, осы саладағы әдейі жасалатын заң бұзушылықтардың тәуекелдерін барынша азайтуды, бизнестің шығындарын төмендетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ алдағы уақытта астықпен электронды саудаға өту үшін алғышарттарды жасауға мүмкіндік береді.
«Астық нарығына қатысушылардың, оның ішінде екінші дәрежелі банктердің тарапынан астық қолхатына сенімділік қамтамасыз етілетін болады, бұл өз кезегінде астық саласына инвестицияларды тартуға оң әсер тигізеді. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - деді сарапшы.
Белгілі болғандай, қазіргі кезде электронды астық қолхаттарының жүйесі тестілік режімде іске асырылуда.
Айта кетейік, астық қолхаттарының институты «Астық туралы» ҚР Заңына сәйкес 2002 жылдың тамызынан бастап енгізілген болатын. Астық қолхатының «құнды қағаз» мәртебесі бар және астық иесінің астық қабылдау кәсіпорынына сақтауға тапсырылған астыққа мүліктік құқығын растайды. Сонымен қатар астық қолхаты банктен несие алған кезде кепілді қамтамасыз ете алатын болады. Бұл ретте астық қолхаты енгізілген сәтінен бастап қағаз түрінде айналымда болды.