АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) 2019 жылдың ақпан айына арналған әлемдік рейтингті жариялады. Онда Қазақстан құрамасы екі сатыға жоғарылап, 117-орынға жайғасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңартылған рейтингте Бельгия құрамасы көш бастап тұр. Айта кетейік, бельгиялықтар 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің I тобындағы қарсыластарымыздың бірі. Тізімнің одан кейінгі орындарында Франция, Бразилия, Хорватия, Англия құрамалары тұр.
I тобындағы өзге қарсыластарымыз - Шотландия - 40, Ресей - 50, Кипр - 87, Сан-Марино 211-інші позицияларға орналастырылған.
Еске салайық, 21 ақпанда Қазақстан футболшылары Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл - чех маманы Михал Билектің жетекшілігімен өтетін алғашқы ойын.
Қазақстан құрамасы 21 наурызда 2020 жылғы Еуропа біріншілігіндегі алғашқы кездесуін өткізеді. Сол күні Астанада Шотландия құрамасын қабылдайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.