Қазақстан фильмдерінің табысы 2017 жылы $44 миллионнан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2017 жылы отандық фильмдердің жиынтық табысы 44 млн доллардан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

«Кинопрокатшылардың айтуынша, Қазақстан киносына деген сұраныс артып келеді. 2016 жылы отандық өнімдер жиынтық кассаның 6%-ын құраған болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 13%-ға жетті. Былтыр Қазақстан фильмдерінің жылдық табысы 44,5 миллион долларды құрады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстан фильмдері кассалық жиым бойынша үздік үштік қатарына жиі ілігеді. Мәселен, www.ticketon.kz-тің мәліметінше, ақпандағы соңғы уикендте (22-25 ақпан) «Каникулы в Таиланде» фильмі 64,4 млн теңге (прокаттың екі аптасында 231 млн теңге) жинап, тек «Черная Пантераға» жол берген.

Бұдан тыс, жылдың алғашқы уикендінде (4-7 қаңтар) бокс-офис бойынша «Величайший шоумен» және «Джуманджи: Зов джунглей» сынды фильмдерді артқа тастаған «Бизнес по-казахски в Америке» фильмі көшбасшы болған.

Киноның билеттері республика бойынша орташа 1220 теңгемен сатылған, бұл былтырғыдан небәрі 0,9% қымбат деген сөз.