17:41, 24 Наурыз 2009
Қазақстан Финляндияны біздің елдің Еуропалық Одақпен ынтымақтастығындағы маңызды мемлекет ретінде қарастырады ? Елбасы Н. Назарбаев
ХЕЛЬСИНКИ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Финляндияны біздің елдің Еуропалық Одақпен ынтымақтастығындағы маңызды мемлекет ретінде қарастырады. Бүгін Хельсинкиде Финляндияға мемлекеттік сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Президенті Тарья Халонен ханыммен жүргізілген келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Финляндия тарапының біздің мемлекеттің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауына көрсеткен қолдауына ризамын. Финляндия сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қолдау көрсетіп отыр. Біз Финляндияны Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығындағы маңызды мемлекет ретінде қарастырамыз», деді өз сөзінде Елбасы. Н. Назарбаев жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық, гуманитарлық саладағы мәселелер талқыланып, халықаралық және өңірлік саясаттағы мәселелер жөнінде пікір алмасылғандығын атап көрсетті. Елбасы Қазақстан мен Финляндияның сыртқы саясаттағы ұстанымдары көбінесе сәйкес келетінін атап көрсетті.