Қазақстан Футбол федерациясы ешқандай алаяқтыққа жол бермейтін болады - Саян Хамитжанов

АЛМАТЫ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Футбол федерациясы мен Букмекерлер және тотализаторлар қауымдастығы басшылары футбол ойыны мен букмекерлік кеңселер арасындағы жымысқы әрекеттерге жол бермейтін өзара келісімге қол қойды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Футбол федерациясы мен Букмекерлер және тотализаторлар қауымдастығы арасындағы әріптестік келісіміне қол қою» деп аталатын баспасөз мәслихатын ҚФФ ұйымдастырып отыр.

«Көп жағдайда біздің кеңселерге ақша тігу үшін ойынға қатысатын аяқдопшылардың туысқандары немесе достары келіп жатады. Олардың көбісі қызметкерлерімізге әбден танымал да. Енді бұл жағдайға жол бермей, өз бизнесіміздің қауіпсіздігі үшін федерацияға статистикалық мәліметтерді беріп отыратын боламыз», деді қауымдастық президенті Николай Ескендіров.

Қазіргі таңда әлемдік футболдың бас ауыртатын өзекті мәселелерінің бірі - өтетін ойын мен букмекерлік кеңселер арасындағы делдалдардың жымысқы әрекеті болып отыр. Бұл жағдай, әсіресе, өтетін ойындардың күтпеген жағдайға өзгеріп кетуіне әкеп соғуда. Соған байланысты UEFA президенті Мишель Платени өткен желтоқсан айында ойын барысының әділетті өтуін қадағалайтын арнайы комиссия құрған болатын.

«Біз осы келісімге қол қою арқылы ойындардың таза өтуін қамтамасыз ететін боламыз. Назарға ілінген қандай да бір алаяқтық әрекетке тиісті жаза қолданылады», деді ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжанов.