Қазақстан футбол федерациясы ортанқол легионерлерден құтылмақшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясының жаңа стратегиясында легионерлердің жас ерекшеліктеріне қарай шектеу енгізу жоспарланған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚФФ Бас xатшысы Азамат Айтxожинның айтуынша, легионерлердің дайындығына қатысты сын-ескертпелер көптеп түсуде.

"Әрине, отандық футболдың сапасын арттыру үшін кәсіби клубтардың құрамына тек білікті легионерлерді ғана тартуымыз қажет. Ал ортанқол ойыншылардан құтылғанымыз жөн. Мәселен, Титов, Тиxонов, Тимощюк, Максимович, Гоу, Кабананга сияқты шеберлер отандық футболдың дамуына оң әсер етті. Қазіргі кезде ішкі чемпионатқа Андрей Аршавин, Патрик Твумаси, Иван Маевский сынды футболшылар өз үлестерін қосып келеді. Оларға қарап, біздің ойыншыларымыз да тәжірибе жинақтауда", - деді А.Айтxожин Қазақстан футбол федерациясының XVII конференциясында.

Оның сөзіне қарағанда, ұйымның жаңа стратегиясын іске асыру бағдарламасына легионерлер үшін жас ерекшеліктеріне қарай шектеу енгізу мәселесі қаралатын болады.

"Соның нәтижесінде Қазақстанға ортанқол футболшылар келе алмайды. Әйтпесе, олар біздің футболды тек өздерінің спорттық мансабын аяқтаудың "жылы әрі табысты жері" ретінде қарастырады", - деп атап көрсетті А.Айтxожин.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияда ҚФФ-ның "Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!" атты жаңа стратегиясы таныстырылды. Аталған құжатта батыл бір мақсат бар. Ол - футболдың қазақстандық стилін қалыптастыру. Соның арқасында Қазақстанның футболы барша әлемге танылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, жаңа стратегияда әйелдер клубтарын арттыру міндеті белгіленіп отыр.