Қазақстан футбол құрамасы БАӘ командасымен жолдастық кездесу өткізеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Біріккен Араб Әмірліктері командасымен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан футбол федерациясынан мәлім еткеніндей, ойын 19 қараша күні Әбу-Даби қаласында өтеді.

Нақты уақыты мен матч болатын стадион кейінірек хабарланады.

Біріккен Араб Әмірліктері ФИФА рейтингісінде 69-орында орналасқан. Бұл команданың Қатарда өтетін әлем чемпионатына жолдама алуына мүмкіндігі болған еді. Алайда соңғы шешуші бәсекеде Аустралияға 1:2 есебімен жол берді.

Команданың ең жоғары жетістігі – 1990 жылғы әлем чемпионатына қатысқаны және 1997 жылы Азия кубогының күміс жүлдесі.

Бұған дейін Қазақстан және БАӘ өзара үш рет кездескен.

19.09.1997. ӘЧ-98 іріктеу кезеңі. Әбу-Даби:

БАӘ – Қазақстан – 4:0

18.10.1997. ӘЧ-98 іріктеу кезеңі. Алматы:

Қазақстан – БАӘ – 3:0

10.12.2000. Жолдастық матч. Әбу-Даби:

БАӘ – Қазақстан – 5:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімі жарияланғанын жазған болатынбыз.