АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігі құрамаларының жолдастық кездесуі болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу елорда уақытымен 21.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама бұған дейін үш мәрте кездескен еді. Оның 1-уі қазақстандық құраманың басымдығымен аяқталса, екеуінде қарсыластар жеңіске жетті.
1998 жылғы әлем чемпионатына екінші іріктеу сатысында В тобында сынға түскен Қазақстан сырт алаңда 1997 жылдың 12 қыркүйегінде аталған қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберсе, өз алаңында 3:0 есебімен басым түсті.
Ал 2000 жылдың 11 желтоқсанында өткен жолдастық кездесуде қазақстандық футболшылар қарсыласына 2:5 есебімен жеңіліп қалды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы сырт алаңда Өзбекстанмен жолдастық кездесуде 0:2 есебімен жол берді.
Сол күні БАӘ құрамасы жолдастық кездесуде Аргентинадан 0:5 есебімен жеңілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.