АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан футзал қауымдастығы бас хатшысы тағайындалды. Бұл қызметке Мақсат Әлбекұлы Тюмалиев келді.
М.Тюмалиевтің футзал мен үлкен футболда тәжірибесі мол.
Аталған қызметті бұрын атқарған Дәурен Нұрғожин футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкер Пауло Рикардо Фигейраның көмекшісі ретінде жұмысын жалғастырады.
Айта кетсек, бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі бесінші ойынын Албанияға қарсы өткізеді.
Бұл кездесуге жарақатына байланысты Лео Игита мен Дуглас Жуниор шақырылған жоқ. Тізімге 16 ойыншы енгізілген.
Қазірге дейін ел құрамасы іріктеу кезеңінде төрт ойын өткізді. Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады. Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.