Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кеткені туралы мәлімдеді.

Фото: Қазақстан футзал қауымдастығы

Н.Құрман Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазғанындай, өзі осындай шешім қабылдаған. 

Ол бұл қызметтің үлкен жауапкершілікпен қатар мол тәжірибе мен ерекше естеліктерге толы кезең болғанын атап өтті. Нұрсұлтан Құрман осы уақыт ішінде отандық футзалдың дамуы жолында бірге еңбек еткен барша әріптестеріне, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшыларға және жанкүйерлерге алғысын айтты.

— Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Талғатұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткені және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ мақсат жолындағы әріптестігіміз мен үшін бағалы тәжірибе болды. Әрине, кез келген жұмыста жетістіктермен қатар, қиындықтар да болады. Дегенмен, осы уақыт аралығындағы жұмсалған күш-жігер мен атқарылған еңбек мен үшін әрдайым қымбат. Қазақстан футзалының болашағы жарқын екеніне сенемін. Ұлттық құрамамызға, клубтарымызға және осы спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға сәттілік тілеймін, — деді Н.Құрман.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан футзал құрамасының Беларусьтен ірі есеппен жеңілгенін жазған едік.