Қазақстан G20 саммитінде сыртқы саясаттағы азиялық векторды нығайта түсуді жалғастырады

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан G20 саммитінде сыртқы саясаттағы азиялық векторды нығайта түсуді жалғастырады, деп мәлім етті ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев.

«Біздің елімізге Индонезия Президенті сапарлағаннан кейін Қазақстан G20 саммитінде сыртқы саясаттағы азиялық векторды нығайтуды жалғастырады», - деді ол Санкт-Петерборда, G-20 алаңында өткен онлайн-брифинг барысында.

Естеріңізге сала кетейік, Индонезия Президенті Сусило Юдойоно Қазақстанға ресми сапармен 2 қыркүйек күні келген болатын. Ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі барысында екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың бірқатар мәселелерін талқыға салған еді. Сонымен қатар екі елдің басшылары Қазақстан Президентінің 2012 жылы Индонезияға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын да талқылады. Кездесу барысында экономикалық өзара іс-қимылдың электр энергетика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, телекоммуникациялар, машина жасау, туризм және өзге де салаларындағы перспективалы бағыттар бөлек атап өтілді.