Қазақстан ғалымдары гектарынан 35 тоннаға дейін өнім беретін картоп сортын шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалымдар жоғары өнімділігімен және бірқатар ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» атты жаңа отандық картоп сортын шығарды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жаңа сорт Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты ғалымдарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде әзірленді.

Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайларына бейімделген, жоғары өнімді, ауруларға төзімді және шаруашылыққа қажетті қасиеттері бар жаңа картоп сортын шығару. Ғалымдар дәстүрлі селекция әдістерін заманауи биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық тәсілдермен ұштастырған.

Көпжылдық зерттеулер барысында картоптың перспективалы селекциялық материалдары кешенді бағаланды. Мамандар олардың өнімділігін, пісіп-жетілу мерзімін, түйнектерінің морфологиялық және тауарлық сапасын, ауруларға төзімділігін және басқа да маңызды қасиеттерін зерттеген.

Нәтижесінде құнды қасиеттер кешенімен ерекшеленетін перспективалы генотип іріктеліп, «Айтхожин» атты жаңа сорт ретінде ұсынылды.

Жаңа картоп ерте пісетін және жоғары өнімді сорттар тобына жатады. Оның өнімділігі гектарына 35 тоннаға дейін жетеді.

Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері аз әрі ұсақ. Кескен кезде қараймайды. Құрамындағы крахмал мөлшері 14,1-18,3%, ал С дәрумені 21,1-24,3 мг% деңгейінде.

Сорттың маңызды ерекшеліктерінің бірі – картоптың мозаикалық X вирусына (PVX) төзімділігі. Сонымен бірге ол альтернариоз бен фузариоздық солу ауруларына салыстырмалы түрде төзімді.

Жаңа сортты шығару кезінде екі ғылыми ұйымның зерттеу бағыттары өзара сабақтастырылды. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында селекциялық жұмыстар жүргізілсе, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында молекулалық-генетикалық зерттеулер орындалды.

– Бұл сорт – бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, тиімді шешімдерді іздеген ғалымдар ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Селекциялық зерттеулер мен молекулалық-генетикалық жұмыстар бірін-бірі толықтырып, ғылыми нәтижені нақты селекциялық жетістікке жеткізуге мүмкіндік берді, – дейді жаңа сорт авторларының бірі, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының 3-курс докторанты Меруерт Қошмағамбетова.

Зерттеуші ауыл шаруашылығы ғылымында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның ғылыми бағыты картоп және көкөніс селекциясы, тұқым шаруашылығы мен биотехнология мәселелерін қамтиды.

«Айтхожин» сортын әзірлеу ғалымның «Инновациялық әдістер негізінде аурулардан сауықтырылған картоп сорттарының бастапқы тұқым шаруашылығын жүргізу» тақырыбындағы докторлық диссертациясымен де сабақтас.

Жаңа сорт авторларының қатарында Д.С.Шарипова, Ж.А.Тоқберенова, К.О.Шәріпов, О.В.Карпова, М.Ж.Қошмағамбетова, Б.Ж.Сейтмұратов, Е.С.Қойбағаров, Р.Қ.Балғабаева және ресейлік селекционер-ғалым Е.П.Шанина бар.

Сортқа «Айтхожин» атауы Қазақстандағы молекулалық биология ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан академик Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің ғылыми мұрасына құрмет ретінде берілген.

Қазіргі уақытта ғалымдардың келесі міндеті – «Айтхожин» сортын мемлекеттік сортсынаққа ұсыну және оны селекциялық жетістік ретінде құқықтық қорғау рәсімдерінен өткізу.

Одан кейін жаңа отандық сортты өндіріске енгізу, еліміздің тұқым шаруашылықтарын жоғары сапалы бастапқы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету және отандық картоп тұқым шаруашылығының тұрақты дамуына ғылыми негіз қалыптастыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Ғалымдар өнеркәсіп қалдықтарындағы құнды компоненттерді зерттейді.