Қазақстан ғалымдары «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» атты бес томдық биобиблиографиялық көрсеткішті басып шығарды

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қазақстан ғалымдары «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» атты бес томдық биобиблиографиялық көрсеткішті басып шығарды.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылған көрсеткіштің таныстырылымын ҚР ҰҒА академигі, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өткізді. Шара 1 желтоқсанда Алматыда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан ғалымдарының форумы барысында болды.

Библиографияық көрсеткіште Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметін сипаттайтын материалдар: негізгі даталар, өмірі мен қызметінің қысқаша очеркі, оның еңбектері мен ол жөнінде жазылған әдебиеттер жарияланымдары, сұхбаттары, әңгімелері, баспасөз мәслихаттары туралы мәліметтер қамтылған.

Көрсеткішті құрастыруда ҚР Ұлттық кітап палатасының басылымдары, ҚР Ұлттық кітапханасының қоры, сондай-ақ Орталық ғылыми кітапхананың материалдары пайдаланылған. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» библиографиялық көрсеткіші Б.Т.Жұмағұловтың, Б.А.Қасымбековтің редакциясымен әзірленді, құрастырушылар К.К.Әбуғалиева, Л.Д.Әбенова.

Форумда сондай-ақ «Египеттегі мамлюк сәулетінің тарихы» кітабы таныстырылды, оның алғысөзін Н.Назарбаев жазған. «Египеттегі мамлюк сәулетінің тарихы» кітаптары сериясы жобасын жасау идеясының авторы және жетекшісі - ҚР ҰҒА академигі Б.Т.Жұмағұлов. Кітап Б.А.Қасымбековтың, К.А.Әлиевтің редакциясыман шығарылған. Авторлары: Б.Батыршаұлы, Б.Е.Көмеков, С.Батыршаұлы.

Басылым ХІІІ- XV ғасырлардағы Египеттегі Мамлюк мемлекеті мен Дешті-Қыпшақтағы Алтын Орда арасындағы әскери-саяси және дипломатиялық қатынастардың орнауы және дамуы дәуірінде пайда болған ХІ-ХV ғасырлардағы Еуразияның Ұлы даласы мен Шығыстың араб-мұсылман әлемі арасындағы өзара байланыстың тарихи-мәдени маңызы жөніндегі бірегей зерттеулерге арналған. Ондағы басты зерттеу нысаны мамлюк кезеңіндегі сәулет өнері болды. Осы мақсатта мамлюк кезеңінің 200-ден астам сәулет ескерткіштері зерттелді. Басылымда Каирде сақталған таңдаулы жиырмадан астам мамлюк сәулеті ескерткіштерінің 300-ден аса фотосуреттері пайдаланылған.