«ҚазАқпарат» ХАА спутниктік технологиялар бойынша компанияның вице-президенті, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетовтен компанияның қазіргі ахуалына қатысты сауал жіберді.
«Расымен де, 2017 жылдың 16 қаңтарынан бастап, компанияға үнемдеу режимі енгізіліп, қызметкерлер жарты күндік жұмысқа ауысты. Кей кәсіпорындар мұндай жағдайдан шығудың түрлі жолдарын іздейді, несие рәсімдеп, мүлкінің бір бөлігін сатады т.б. Күрделі және ғылымды қажет етеін салаға жататын біздің кәсіпорын әзірге осындай әдісті таңдады. Бұл уақытша шара және кәсіпорын тұрақтылығы мен актив-спутниктер және жерүсті инфрақұрылымын сақтау үшін қажетті тәжірибе», - деп атап өтті А.Айымбетов.
2017 жылдың басынан бері ұлттық компанияда 240 адам жұмыс істеуде. Әкімшілік-басқару құрамындағы қызметкерлердің 25 пайызында ғана жұмыс күні қысқарды. ЖҚЗ орталығы, құрылыс блогы секілді негізгі техникалық бөлімшелер мен тауар өткізу және қызмет көрсету басқармасы толық режимде жұмыс істеуде. KazEOSat-1 пен KazEOSat-2 ЖҚЗ ғарыш аппараттары, ғарыш аппараттарын басқараратын, қабылдайтын және ғарыш суреттерін өңдейтін жерүсті кешендері штаттық режімде жұмыс істеп тұр.
Ғарыш аппараттарын жинау-сынақ жүргізу кешенінің құрылысы кестеге сәйкес жүруде, деп хабарлады «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының спутниктік технологиялар бойынша вице-президенті.