Қазақстан ғарыштық державаға айналуды мақсат тұтып отыр - Т.Мұсабаев

АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Осыдан тұп-тура 49 жыл бұрын қазақ жерінен адамзат тарихында алғаш рет адам ғарышқа ұшты.

Юрий Гагариннің ғарышқа көтерілуі бүкіл әлемдік даму үдерісіне игі ықпал еткені баршаға аян. Сол күннен бастап, 12 сәуір - Космонавтика күні ретінде аталып келеді. Ал келер жылы Ғарыш ғасырының басталғанына жарты ғасыр толады», деді бүгін Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Астанада «Қазақстанның ғарышты игеру дәуірі: қазіргі жағдайы, стратегия, инновациялар» атты тақырыпта өткен конференция барысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ғарыш технологиялары ғылымның, техниканың дамуына игі ықпалын тигізіп отыр. «Осы уақытта орбитада мыңдаған жер серіктері ұшып жүр. Олар адамзат үшін қажетті аса маңызды стратегиялық міндеттерді орындауда. Ғарыш аппараттары Айға және Венераға ұшып, ол жақтың топырақ құрамын жерге жеткізді. Сондай-ақ бірнеше аппарат күн жүйесінің аймағынан шығып, әлемдік өркениет үшін қызмет етіп жатыр. Содан бері көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, адамзат баласы санаулы ғана жылдардың ішінде ғарыш кеңістігін игеруде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ең бастысы, әлемдік қауымдастық ғарышсыз болашақты елестете алмайтындай күйге жетті. Өйткені қазіргі заманғы жоғары технологиялардың барлығы да ғарышпен байланысты», деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінде әлемде ғарыштық мемлекет атанудың

басты екі жолы бар. Оның біріншісі дайын ғарыштық жүйені сырт мемлекеттерден сатып алу. Мұндай тәсілдің бір кемшілгі - мемлекет ғарышты игеруде тәжірибеден өту жағынан кейіндеп, базалық инфрақұрылымды дамытудан қалады. Екінші жол - өте күрделі, әрі ұзақ үдеріс. Ол мемлекеттің жеке өзінің ғарыштық инфрақұрылымын қалыптастыру. Тек ғарышты осы жолмен игерген елдерді ғарыш державалары деп атауға болады. «Бүгінде әлемдегі көптеген мемлекеттер осы жолдың біріншісін таңдаса, Қазақстан ғарыштық державаға айналуды мақсат тұтып отыр. Біз осы таңдауымыздың қиындығы мен тиімділігін жақсы түсініп отырмыз. Өйткені космонавтика біз үшін ұлттық мақтанышқа айналатын нысан ғана емес, ол біздің азаматтарымыздың өмір сапасын арттыру үшін пайдаланатын басты құрал болмақ», деді Т.Мұсабаев.