2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстан Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерді қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетіп, Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған халықаралық бастамаларды қолдайды.

Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің жыл сайынғы Үйлестіру кездесуіне қатысты.

Жиында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуде Таяу Шығыстағы ахуалға және оның гуманитарлық салдарына ерекше назар аударылды.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидатын ұстанатынын атап өтті. Сондай-ақ министр Таяу Шығыстағы шиеленісті тез арада бәсеңдетуге, тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге және Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды қалыпқа келтіруге бағытталған ИЫҰ-ға мүше бірқатар елдердің делдалдық күш-жігерін қолдады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның ислам әлеміндегі технологиялық және ғылыми тұрғыдан дамыған мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «ИЫҰ-15» тобын құру жөніндегі бастамасының маңызы айтылды.

Сондай-ақ штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.

Еске салайық, бұған дейін Бейбітшілік кеңесі Газаны қалпына келтіруге $2,45 миллиардтың жоспарын ұсынғанын хабарлаған едік.