Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінде 28 депутат әйел бар, Үкіметте - 4. Бұл туралы Алматыда өткен «Әйелдер саясатта және уақытша арнайы шаралар» атты семинарда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Махаббат Бекбосынова мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстанда облыс әкімдері арасында бірде-бір әйел жоқ. Облыстық мәслихаттардағы әйелдердің үлесі 12 пайыздан аспайды. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің 10 пайызы ғана саяси қызметтерге тағайындалады.
М.Бекбосынованың атап көрсеткеніндей, Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясын ратификациялады. 2016 жылға дейін гендерлік саясатты дамытуға арналған іс-шаралардың кешенді жоспары жасалды.
Осының аясында Қазақстанда «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңдар қабылданды.