Қазақстан геология саласында Финляндиямен бірлескен жоба әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Геология саласында тәжірибе алмасу және тау-кен металлургия кешенін дамыту мақсатында еліміз Финляндия және Қытайдың халықаралық геологиялық қызметімен ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Толығырақ Ұлттық геологиялық қызмет АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев айтып берді.
– Біз Финляндиямен геологиялық қызмет пен деректер базасын цифрландыру және жүйелеу саласында бірлескен жобаны қолға алдық. Негізгі цифрландыру жұмысын өзіміз жүргізіп жатырмыз, алайда деректерді әрі қарай құрылымдау және жүйелеу үшін биыл Финляндия мамандарын тартуды жоспарлап отырмыз. Оларда әлемдегі жетекші геологиялық қызметке ие. Финляндияның Африка, Азия және Оңтүстік Америкада мол халықаралық тәжірибесі бар. Бұл жұмысты Қазақстан қаржысы есебінен емес, сыртқы қаржыландыру есебінен атқарып жатырмыз, – деді Ерлан Ғалиев елордада өткен 15-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.
Оның айтуынша, еліміздің бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталын әзірлеуде Финляндияның тәжірибесі маңызды рөл атқарған. Платформа жасауда фин интерфейсі мен бизнес-процестерді құру логикасының элементтері қолданылған.
- Қытай да Қазақстанның маңызды серіктесі. Екіжақты ынтымақтастық аясында шекара маңындағы аймақта ұзақ мерзімді жоба жүзеге асырылып жатыр. Екі ел шекарасындағы нысандардың геологиялық әлеуетін зерделеу шеңберінде іске асып отыр. Жобаны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитеті басқарады, - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Құйрықтыкөл кен орнында барлау жұмыстары аяқталды.
Айта кетейік, Қазақстан алтын қоры бойынша ТОП-20 елдің қатарына кірді.
Сондай-ақ жақын арада тау-кен кешені саласында 3,5 трлн теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Бүгін елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтті. Оған әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысты.