Қазақстан геологиясын жаңғыртатын хаб іске қосылды

Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Жезқазғанда әлемдік деңгейдегі алғашқы геологиялық кластер ашылып, барлау саласының білім, ғылым және өндірісін бір алаңға біріктірді. Жоба Қазақстан геологиясын цифрландыруға және халықаралық стандартқа жақындатуға бағытталған.

Жезқазғанда халықаралық талаптарға сай алғашқы Геологиялық кластер ресми түрде жұмысын бастады. Бұл – геологиялық барлаудың негізгі үдерістерін бір жерде шоғырландырып, талдауды жедел жүргізуге мүмкіндік беретін әлемдегі санаулы орталықтардың бірі. Мұндағы заманауи техникалық жабдық әлемде небары жеті жерде ғана қолданылады, ал жоба Орталық Азиядағы ең ірі және алғашқы геокластер мәртебесіне ие.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геологияны ұлттық экономиканың өсуін қамтамасыз ететін стратегиялық сала ретінде бірнеше рет атап өткен. Мемлекет басшысы кен өндіру секторын басқару жүйесін жаңғыртуды және еліміздің геологиялық-геофизикалық зерттелуін арттыруды тапсырған. Жезқазғандағы жаңа геокластер осы бағыттағы басымдықтарды жүзеге асырып, барлау ісін жаңғыртудың практикалық базасын нығайтады.

Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Қазақстанда бұған дейін болмаған мұндай ауқымды жобаның артықшылығы – зертханалық кешен мен оқу орталығының бір алаңда орналасуы. Бұл геологиялық ақпаратты жедел жинап, барлау кезінде дереу шешім қабылдауға мүмкіндік береді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС геокластерге шамамен 11 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып, құрылысты Tansu Construction компаниясы жүзеге асырды. Алаңда 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, ал басқару «Kazakhmys Barlau» ЖШС-ға жүктелді.

Кластер құрамында еліміздегі ең үлкен керн сақтау қоймасы бар. Оның 200 мың қума метрге дейінгі сыйымдылығы бастапқы геологиялық деректердің ұлттық мұрағатын құруға және барлау жұмыстарының тәуекелін азайтуға жағдай жасайды. Ал зертханалық блок ALS компаниясымен бірлесіп жасалып, геохимиялық талдаулардың халықаралық стандартқа толық сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Геокластерде ұңғымалық кернді автоматты сканерлейтін немістің Ancorelog жүйесі және LithoLens жасанды интеллект платформасы қолданылып, талдау жылдамдығын бір ауысымда 60-тен 240 метрге дейін арттырады. Мұндай кешенді технологиялар кен орындарын болжау модельдерін жедел құруға және алынатын деректердің сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

«Біз Қазақстан геологиясын дәлірек әрі технологиялық тұрғыдан озық деңгейге көтеретін инфрақұрылым ашып отырмыз. Бастапқы деректерді сақтау, зертханалық талдау, цифрлық өңдеу және мамандарды оқыту – бәрі бір жерде. Бұл – минералдық-шикізат базасын тұрақты дамытуға қызмет ететін жаңа сапалы кезең», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.

Ашылу рәсіміне Мәжіліс депутаттары да қатысты. Экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин елімізде геологиялық кластерлерді дамытуға қажетті заңнамалық база қалыптасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қабылданып жатқан өзгерістер ұлттық экономиканы ілгерілетуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы аптада Мәжіліс тиісті заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жіберді. Негізгі мақсат – индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру және отандық геологияны жандандыру.

Жаңартылған нормалар қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімдердегі инвестиция көлемін кеңейтеді. Сонымен бірге, қол қою бонусының кемінде 50 пайызы жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеуге бағытталмақ. Инвесторлар үшін орталықтандырылған бірыңғай платформа жасақталып, барлық қажетті рәсім сол арқылы жүргізіледі.

– Жаңа нормалар инвесторларға жағдай жасап, ашықтық пен бәсекелестікті арттырады. Бұл Жезқазғандағы геологиялық кластер тәрізді жобалардың дамуына елеулі серпін береді. Тұтастай алғанда, осы өзгерістер ел экономикасын нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етеді, – деді Еділ Жаңбыршин.

Кластер базасында Colorado School of Mines-пен бірлескен геофизикалық зертхана да іске қосылды. Ол әлемдік өндірушілердің ең озық құрал-жабдығымен жабдықталып, техникалық қызмет көрсетуді «Qazaq Geophysics» мамандары жүзеге асырады. Зертхана геофизика, аспап жасау және робототехника бағытында білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Диспетчерлік орталық «Kazakhmys Barlau» ЖШС барлау процесін нақты уақыт режимінде бақылап, көлік пен бұрғылау қондырғыларынан бастап аналитикалық көрсеткіштерге дейінгі барлық жұмысты үйлестіреді. Сонымен бірге, кластердегі оқу-әдістемелік блок мамандарды даярлау және қайта даярлауға арналған. Ол болашақ Ұлытау университетінің бағдарламаларымен біріктіріліп, түлектерге бірден үш диплом – Colorado School of Mines филиалының, Satbayev University және университеттің өз дипломын алуға мүмкіндік береді. Кластер аумағында мұражай да ашылған.

Жаңа геокластер Жезқазғанның ғылыми-техникалық әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің өндірістік мүмкіндігін арттыруға, ал Қазақстан геологиясын халықаралық деңгейге шығаруға жол ашады.