Қазақстан Германиядан инвестицияларды одан әрі тиімді тартуға мүдделі - ҚР Премьер-Министрі

БЕРЛИН. 25 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Германиядан инвестицияларды одан әрі тиімді тартуға мүдделі. Бұл туралы ГФР Сыртқы істер министрі Гидо Вестервеллемен «Регент» қонақ үйінде болған кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов мәлім етті.

«Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық ынтымақтастығын дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды есепке ала отырып, өзара тиімді экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Біздің өзара қарым-қатынасымызға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ақпан айында Берлинге жасаған сапарының барысында қол жеткізілген саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы уағдаластықтар елеулі серпін берді.  Жалпы сомасы 4,5 миллиардқа жуық еуроны құрайтын 50-ге жуық экономикалық құжаттардан тұратын, біздің еліміздің экономикасына тартылатын жаңа неміс технологиялары мен инвестицяларының ағынын қамтамасыз етуге бағытталған келісімдер топтамасына қол қойылды», - деді С.Ахметов.

Оның айтуынша, сапар барысында Қазақстан мен Германия Үкіметтерінің арасында өзара тиімді ынтымақтастық үшін жағдайларды құратын шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы келісімге қол қою ерекше маңызды болды.