Қазақстан Германияға экспорт көлемін 1 млрд еуроға дейін арттыра алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Германияға экспорт көлемін 1 млрд еуроға дейін арттыра алады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есептеулерімізге сәйкес, бүгінде Қазақстанның Германияға экспорт көлемін шамамен 1 млрд еуро сомаға 140-тан астам тауарлық позиция бойынша арттыра түсуге әлеуеті бар. Герман капиталының еліміздің экономикасына кірігуі де тұрақты түрде артып келе жатыр. Герман инвестициясының 90 пайызы экономиканың шикізаттық емес секторына салынған. Бұл көрсеткіш біз үшін Қазақстанға және таңдап алған дамудың инвестициялық векторымызға деген үлкен сенім», - деді Роман Скляр елордада өткен Қазақстан-герман бизнес форумында.

Оның атап өтуінше, екі елдің арасындағы қарым-қатынас сындарлы диалог орнап, іскерлік орта арасында кооперациялық және өзара ынтымақтастық дамыған кезде ғана жеміс болады. Екі елдің мемлекет және үкімет басшылары саяси және сауда-экономиклық қатынастарға жол салып отыр. Ал қалғаны бизнесмендердің қолындағы іс.