– AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін орнаттық. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университетін аштық. Өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект туралы заң қабылдадық. Бұған қоса суперкомпьютер технологиясын дамытуды қолға алдық. Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады. Технологияға әуес жастарымыз неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады. Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ пен неміс халықтарының арасындағы ақыл-ой иелерінің тарихи тамырластығына тоқталды. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы Иоганн Вольфганг фон Гётенің өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне сәтті аударғанын еске салды. Мемлекет басшысы осы рухани үндестік қос халықтың зияткерлік байланысына негіз болғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорыта келе, Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.
Айта кетелік Қазақстан мен Германия қос дипломды бағдарламаларды кеңейтеді.