Қазақстан ғылым академиясына 80 жыл: архив құжаттарындағы отандық ғылым тарихы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві еліміздегі академиялық ғылымның қалыптасуы мен дамуына арналған тарихи-құжаттық көрмені ұсынды.

Фото: Президент архиві

Оған 1932 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын 70-тен астам фотосурет пен архивтік құжат енді.

Фото: Президент архиві

Көрмеде Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуына және оның тұңғыш президенті – көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қызметіне қатысты құжаттарға ерекше орын берілген. Экспозицияда мемлекеттік органдардың қаулылары мен хаттамалары, ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің хаттары мен баяндамалары, ғылыми институттардың дамуына, зерттеулердің жаңа бағыттарының қалыптасуына және қазақстандық ғалымдардың елдің экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесіне қатысты материалдар ұсынылған.

Фото: Президент архиві

Көрменің жекелеген бөлімдері ХХ ғасырдың екінші жартысында республиканың ғылыми әлеуетінің нығаюына, геология, энергетика, ядролық физика, ауыл шаруашылығы және гуманитарлық ғылымдардың дамуына, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның ғылыми жүйесіндегі өзгерістерге арналған.

Фото: Президент архиві

Экспозицияға Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қорларындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының ведомстволық архивіндегі құжаттар мен фотоматериалдар енгізілді.

Фото: Президент архиві

Көрме архивтік құжаттардың түпнұсқалары арқылы отандық академиялық ғылымның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін зерделеуге, көрнекті ғалымдардың Қазақстанның ғылыми мектебінің қалыптасуына қосқан үлесін көрсетуге және ғылымның елдің тарихи әрі қазіргі дамуындағы рөлін пайымдауға мүмкіндік береді.

Фото: Президент архиві

Көрме Қазақстан ғылым академиясының алаңында ашылды.

Экспозиция ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдеріне, тарихшылар мен архивистерге, студенттер мен зерттеушілерге, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен отандық ғылымның даму тарихына қызығушылық танытатын кең аудиторияның назарына ұсынылады.