Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі гимнастика орталығы салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Халықаралық гимнастика федерациясының президенті (FIG) Моринари Ватанабэмен және Азия гимнастикалық одағының (AGU) президенті Абдулрахман Әл-Шатримен кездесті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Фото: Ақорда

Әңгімелесу барысында елімізде гимнастика спорты түрлерін дамыту және насихаттау бойынша ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев FIG және AGU ұйымдарының Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауын жоғары бағалады.

Фото: Ақорда

— Президент бүгінде елімізде гимнастиканың балалар мен жастар арасында танымалдылығы арта түскенін атап өтті. Көптеген жергілікті залдармен қатар, ұлттық құрама жаттығатын және халықаралық жарыстар ұйымдастырылатын үш арнаулы кешен жұмыс істейді, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей Гимнастика орталығының құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауқымды спорт іс-шараларын өткізуде айтарлықтай тәжірибе жинағанына тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамыту және ірі халықаралық додаларды өткізу бойынша бірлескен бастамаларды қарастыруға дайын екенін растады.

Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортқа көрсетіп отырған қолдауына оң баға берді.

Меймандар еліміздің даңқын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген қазақстандық атлеттердің жетістігіне ерекше назар аударды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстанда және әлемде гимнастика спортын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэні I дәрежелі «Достық» орденімен, ал Азия гимнастикалық одағының президенті Абдулрахман Әл-Шатриді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Айта кетейік, Президент бірқатар актінің күшін жоятын Жарлыққа қол қойды.