Қазақстан - Грекия: Қай құрамаға сәттілік серік болады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф сатысында Грекиямен кездеседі. Құрамалар 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдаманы сарапқа салады. Агенттік тілшісі қазақстандық футболшылардың мүмкіндігін сарапқа салып көрді.
Жігіттерге сенім артамыз
Өз тарихында ел құрамасы тұңғыш рет құрлықтық дода финалдық сатысына шығуға жақын тұр. Алдағы ойындарда табандылық танытса, жолдама бізге бұйырады.
Ел құрамасы Ұлттар лигасында С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия - Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады. Жауапкершілігі үлкен екі ойында үміт артқан үздіктеріміз жеңіс жалауын желбірете ала ма? Жігерлі жігіттердің жетістігіне желпінген жанкүйерлер оларға зор сенім білдіреді. Әрине, барлығын жасыл алаң үстіндегі тартысты ойын шешеді.
Қарсыласымыз да осал емес. 2004 жылы Еуропа чемпионы атанған беделді құрама. Одан бері талай уақыт өтті. Десек те сол жинақтаған тәжірибе оларды жеңіске жетелейді. Қазір сауатты ойнымен елдің көңілінен шыға бастаған Қазақстан құрамасы да оңай жерден жеңісті қолдан бере қоймайды деген сенімдеміз.
Алдымен Грекия құрамасы жайында кеңінен тоқтала кеткеніміздің артықтығы болмас. Ежелгі Эллада елінің өкілдері құрлықтық додада небәрі 4 мәрте бақ сынаған. Алғаш рет 1980 жылы Еуропа чемпионатына бет түзеген олар араға бақандай 24 жыл салып дүбірлі додаға қайта оралды. Сол жылы айды аспанға шығарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Одан кейінгі 2008, 2012 жылдарда сол нәтижесін қайталай алған жоқ. 2008 жылы топтық кезеңде сүрінсе, 2012 жылы ¼ финалдан еліне қайтты. Сондай-ақ, әлем чемпионатында ауыз толтырып айтарлық табысқа қол жеткізе алмай келеді. 1994 жылға дейін жаһандық доданың финалдық сатысынан сырт қалды. 1994, 2010 жылдары топтық кезеңді місе тұтса, 2014 жылы ¼ финалда ойнады.
«Негізінде мамандар Грекияны Еуропаның ортанқол құрамасы ретінде бағалайды. Кезінде талантты футболшылар әлемнің беделді клубтарында доп тепсе, қазір олардың саны аз. Сондықтан қазақстандық құрама алдағы кездесуге тас-түйін дайындықпен шықса, қарсыласын қапы қалдырып кетуі ғажап емес. Өйткені, бұған дейін ел құрамасы құрлықтық доданың іріктеу турнирінде азулы Данияны жеңсе, Финляндия және Солтүстік Ирландиядан басым түсті. Ендеше, біз жігіттерге сенім артамыз», - дейді спорт комментаторы Шалқар Естен.
Жеңістің кілті кімде?
Ендігі кезекте қос құраманың Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында қалай ойын көрсеткеніне көз салып көрелік. Сондай-ақ, футболшылар қандай клубтардың намысын қорғап жүргеніне назар аударғанымыз артық емес.
Алдымен Грекия құрамасынан бастасақ. Қарсылас құраманың бас бапкері Густаво Пойет Қазақстанға қарсы құрамын жариялаған еді. Олардың аты-жөніне қарай отырып, атағынан ат үркетін үздіктің жоқ екенін аңғарамыз. Көбісі өз елінің ұлттық және Еуропаның ортанқол чемпионаттарында доп тебеді. Десе де Константинос Мавропанос («Вест Хэм», Англия), Пантелис Хацидиакос («Кальяри, Италия), Джордж Бэлдок («Шеффилд Юнайтед», Англия), Андреас Бухалакис («Герта», Германия), Костас Цимикас («Ливерпуль», Англия) сынды футболшылар алдыңғы қатарлы чемпионаттарда ойнайды. Әрине, «Ливерпульден» өзге аталған клубтардың барлығы өз елдерінде жетекші ұжымдар қатарында емес. Сондықтан оларға тегеурінді қарсылық көрсетуге барлық мүмкіндік бар.
Ендігі кезекте ел құрамасына оралайық. Кейінгі жылдарда қазақстандық футболшылар өзге елдердегі беделді клубтарға ауысып жатыр. Олардың қатарында Ресейдің «Зенит» клубында доп теуіп жүрген Нұралы Әліп, Түркияның «Бешикташ» және «Адана Демирспор» командаларында ойнайтын Бактиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов секілді үздіктер бар. Сондай-ақ, жартылай қорғаушы Рамазан Оразов Словенияның «Копер» командасында жарты жылдай доп теуіп қайтты. Осының өзі олардың өсуіне, тәжірибесін арттыруына, шеберлігін шыңдауына көп көмегін тигізіп отыр деуге негіз бар.
«Қазақстандық футболшылардың өзге елдердің доп додасында ойын көрсетуі құрамаға зор әсерін тигізеді. Мәселен, қазір «Астана» сапында тер төгіп жүрген Роман Вороговскийден Бельгия клубтарында ойнаған кезінде шеберлігінің өсуі байқалып тұрды. Қазір осындай өзгерісті Нұралы Әліп, Бактиер Зайнутдинов, Абат Айымбетов, Рамазан Оразов сынды жастардан аңғарамыз. Сондай-ақ ел чемпионатында көшбасшы қатарынан көрініп жүрген Асхат Тағыберген де ойын тағдырын шешіп кете алады. Қысқасы, біздің құрамадағы әрбір футболшы Грекиямен кездесуде жанкүйер сенімінен табыла алады деген сенімдемін», - дейді жанкүйер Есенжол Назаров.
Ер кезегі төртке дейін...
Екі команда бұған дейін үш мәрте кездескен. Барлығында Эллада елінің өкілдері жеңіске жетті. Алдымен 2006 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінде екінші топта бақ сынаған ел құрамасы аталған қарсыласына 1:3, 1:2 есебімен жол берді. Ал 2006 жылы Кипрде өткен халықаралық турнирде тағы да 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Одан бері қаншама жыл өтті. Әрине, қарсылас құраманың ол кездегідей әлеуеті жоғары емес. Үш кездесуде жеңіліп қалғанымыз рас. Қазақта «Ер кезегі үшке дейін» деген сөз бар. Оны енді төртке дейін деп «өзгертіп» жатсақ, жанкүйер қауым көпке дейін айта жүреді.
Қалай десек те, Грекиямен кездесу - біздің құрама үшін құрлықтық додаға баратын соңғы мүмкіндік. Былайша айтқанда, не белбеу, не бел кететін ойын. Бұл сынаққа қазақстандық футболшылар қаншалықты дайын? Оны кездесу барысында анықтайтын боламыз.
Ел құрамасы 2002 жылдан бері УЕФА құрамында сынға түсіп келеді. Бұған дейін іріктеу кезеңінде соңғы орындарды місе тұтуға мәжбүр болғанымыз жасырын емес. Ендеше, әзірге іріктеу кезеңінде азулы қарсыластарды қапы қалдырып, плей-офф сатысына шығудың өзін жоғары бағалауға негіз бар. Десе біз ұлттық құраманың табысы бұдан да жоғары болатынына сенім артамыз.
Еске салсақ, Қазақстан - Грекия кездесуі 21 наурыздан 22-не қараған түні сағат 00:35-те Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.