Қазақстан Грузия портында жаңа терминалдың құрылысын бастайды
Грузияның Қара теңіз жағалауында жүргізілетін аталған құрылыспен PTC Holding компанияларының қазақстандық көлік-логистикалық инвестициялық тобы айналысады. Осының нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүк тасымалы артады деп болжануда.
«Бұл Грузияның ірі порттарының бірінде іске асырылатын Қазақстанның алғашқы инфрақұрылымдық жобасы. Оны іске асырудың белсенді кезеңі биыл қыркүйекте басталып, құрылыс жұмыстары қазан айында қолға алынады. Ал нысанды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Терминал 8 гектар аумақты алып жатыр. Оның жылдық қуаты 80 мың контейнерге (20 футтық көлемде) дейін қабылдауға қауқарлы болады», - делінген министрлік мәліметінде.
Министр М.Қарабаев Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін кеңейту үшін ауқымды жұмыс атқарғанын жеткізді.
«Ляньюньган портында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен логистикалық орталығы және ҚХР шекарасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты сынды ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды.
Каспий теңізінің жағалауында Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп келеді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі жолға қойылды.
Қазір «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінде ұзындығы 836 шақырым екінші теміржол торабы салынып жатыр», - деді министр.
М.Қарабаевпен бірге капсуланы қалау рәсіміне Грузияның Экономика және тұрақты даму вице-премьері Леван Давиташвили, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Мәлік Мырзалин және PTC Holding-тің басқарма төрағасы Тимур Қарабаев қатысты.
«Қазір Грузия мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы дамудың жаңа кезеңіне қадам басым келе жатқанын атап өту маңызды. Бұған 2022 жылы елдер арасындағы жүк айналымының 3 млн долларға жетіп, кейінгі жылы 3есеге артқаны дәлел. Бұл тұрғыда байланысты тиімді әрі сауатты дамыту үшін жүк тасымалының логистикасы бағытында инфрақұрылымды дамыту қажет», - деді Л.Давиташвили.