Қазақстан Гвинея-Бисауды Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Гвинея-Бисау Президентінің сапарын тарихи деп бағалады. Бұл туралы елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз. Біз Гвинея-Бисау Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Былтыр мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 10 жыл толды. Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан ары дамытуға мол мүмкіндік бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әсіресе экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары екендігін баса айтты.
— Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын. Президент мырза, Қазақстанға сапарыңыздың бағдарламасы мазмұнды екенін білемін. Бірқатар өндіріс орындарына барасыз. Ірі орталықтардың жұмысын көресіз, — деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатпен қарсы алғанын жазған едік.